Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кентауда көршісінің велосипедін ұрлаған жігіт ұсталды

Кентауда көршісінің велосипедін ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, белгісіз біреу көпқабатты тұрғын үйдің баспалдағына аспалы шынжыр құлыппен құлыптап қойған велосипедін жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 35 000 теңге. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы “Ұрлық” бойынша тіркеуге алынды.

Орын алған ұрлықты ашып, күдіктіні ұстау мақсатында қалалық полицейлер қажетті шараларды іске асырды. Көрген-білгендерден жауап алып, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Жақын аумақтарды аралап, мұқият тексерді. Соның нәтижесінде ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, қала көшелерінің бірінен ұсталды. “Ізі суымай” ұсталған жас жігіт жұмыссыз жергілікті тұрғын және жәбірленушінің көршісі болып шықты.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті түнгі уақытта үйіне мас халде келе жатып, ешкімнің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушіге тиесілі “Лолил” маркалы спорттық велосипедін ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Полицейлер ұрланған велосипедті тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс-құжаттары заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру