Алматылық полицейлер банк келушілеріне киберқауіпсіздік туралы ақпарат берді
Алматылық полицейлер банк келушілеріне киберқауіпсіздік туралы ақпарат берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Киберпол» қызметкерлері екінші деңгейлі банктердің бірінің филиалдарында ақпараттық науқан өткізді. Олар жеке деректердің сыртқа шығуын болдырмау және интернет алаяқтарының құрбаны болмау туралы мобильді тренинг өткізді.
– Ақпараттық технологияның қарқынды дамыған заманында, өкінішке қарай, қылмыстың да түрлері мен әдістері жетілдіріліп келеді. Сондықтан әркім өзін және жеке деректерін қорғай алуы өте маңызды. Көбірек тарату үшін арнайы буклеттер, брошюралар және жадынамалар жасалды. Сондай-ақ күту залындағы экрандарда киберқауіпсіздік бойынша кеңестері бар арнайы бейнероликтер көрсетіледі, – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Игорь Пудовкин.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қараша мен 22 қарашада Алматыда интернет-алаяқтықпен күресу шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған «Hi-Tech» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр..