Алматының орталық бөлігінде ұрлық жасаған қалта ұрысы ұсталды
Алматының орталық бөлігінде ұрлық жасаған қалта ұрысы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бостандық аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен 35 жастағы ер адамды ұстады.
– Ер адам қылмыстық іс-әрекетін екі жыл бұрын бастаған. Бірінші арыз 2019 жылдың мамыр айында тіркелді. Сол кезде ол стоматологиялық орталықта телефонды ұрлап кеткен. Қаскөй кеңселерде, кафелерде, барларда және сауда орталықтарында да ұрлық жасап жүрген. Жалпы, тергеудің осы кезеңінде бөтеннің мүлкін ұрлаудың 9 фактісі тіркелді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды. Ол нақты тұрғылықты жері жоқ, 35 жастағы Б.есімді ер адам болып шықты. Күдікті ұялы телефондар, ноутбуктер мен әмияндарды ұрлауға маманданған. Жасалған қылмыстардың жалпы шығыны шамамен 4 млн. теңгені құрайды. Қаскөй ұрланған техникаларды сатудан түскен ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған, – деп хабарлады Бостандық аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ғалымжан Қасымбаев.
Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады және анықталған қылмыстарға қатыстылығын растады. Барлық фактілер бір өндіріске біріктіріліп, қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімінің 2-тармағы бойынша тергелуде. Күдіктіге «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Фото: Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі
– Ал біз күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатырмыз. Істі тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижесінде қылмыстық іс сотқа жолданады, – деді Ғ. Қасымбаев.