Анасымен жанжалдасқан ақтөбелік азамат 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды
Анасымен жанжалдасқан ақтөбелік азамат 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15-26 қаңтар аралығында Ақтөбе облысының аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы, мас күйінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғылықты жері бойынша ІІО есебінде тұрған адамдарды тексеру мақсатында «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, тұрмыстық қылмыстардың көпшілігі мас күйінде жасалады. Осыған байланысты жалпы профилактиканың маңызды аспектісі маскүнемдікпен күресу болып саналады.
Профилактикалық іс-шараларды оңтайландыру мақсатында Ақтөбе полицейлері тұрмыстық құқық бұзушылықтарды өтініш берушінің арызы бойынша ғана емес, өздері анықтап тіркеу бағытында жұмыс істеуде. Жәбірленушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін агрессорларға арыз жазудан бас тартады.
Мысалы, 15 қаңтарда учаскелік полиция инспекторы есепте тұрған адамдарды тексеру кезінде 52 жастағы ер адам мас күйінде анасымен жанжалдасқанын анықтаған. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру үшін учаскелік полиция пунктіне жеткізілді. Материал сотқа жіберіліп, сот шешімі бойынша жанжал шығарушы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Іс-шараның бірінші күні учаскелік полиция инспекторлары 82 қорғау нұсқамасын шығарды, сот шешімдерімен құқық бұзушылардың мінез-құлқына 29 ерекше талап қойды, оның ішінде 27 құқық бұзушыға қатысты алкогольдік ішімдіктерді қолдануға тыйым салынды. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін 20 адам, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полиция бөлімдеріне 11 қолайсыз отбасы есепке алынды. Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға ата-ана құқықтарынан айыру туралы мәселемен 3 материал жіберілді, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуден және оқытудан жалтарғаны үшін 6 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.