Ақ көгершін, көгершін: Шымкент полицейі ерекше хоббиі жайлы айтып берді
Ерлан Жұманов – Шымкент қаласы полиция департаменті Еңбекші ауданы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің орынбасары және ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы лауазымында қызмет етеді. Көпжылдық тәжірибесі бар Ерлан Polisia.kz редакциясының тілшісіне ерекше хоббиі жайлы айтып берді.
Ерлан Жұмановтың ішкі істер органдарында адал қызмет етіп жүргеніне 10 жылдан асқан. Ол полицияға ең алғаш келгеннен бері жас ұрпақты тәрбиелеуге, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында бар күшін салып келеді.
– Қызмет атқару барысында оқушылармен тіл табысу үшін біз тек полицей ғана емес, психолог та боламыз. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында және балалардың қауіпсіздігі үшін профилактикалық түсіндірме жұмыстарын үздіксіз жүргізіп отырамын. Сонымен қатар өз қызметтік міндетімнен бөлек әр оқу орнындағы жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімін арттырып қана қоймай, болашақта елге адал қызмет ету жолына бағыттаймын, – дейді тәртіп сақшысы.
Осындай қауырт қызметке қарамастан Ерланның ерекше хоббиі бар. Ол бейбітшіліктің символына айналған көгершіндерді бағып-өсіреді.
– Көгершін – барлық елде тіршіліктің, бейбітшіліктің, сүйіспеншіліктің белгісіне айналған құс. Парсы тілінен кірген атауы – кептер. Бұлар да нәзік жаратылыс. Ерекше күтімді қажет етеді. Өздеріне деген ықыласты сезіп тұрады. Оларға бос уақытымды емес, арнайы уақыт арнаймын, – деді Ерлан.