Ақмола колониясында қаза тапқан қызметкерді еске алуға арналған волейболдан турнир өтті
Ақмола облысының колониясында қаза тапқан қызметкерді еске алуға арналған волейболдан турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл сайын ЕЦ-166/24 мекемесінің қызметкерлері қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан әділет лейтенанты Ольга Василевскаяны еске алуға арналған волейболдан турнир өткізеді.
Ольга оқыған Көкшетау қаласындағы № 14 орта мектепте бұл күні формадағы адамдар көп болды. Волейбол жарыстарына 14-ші мектептің, облыстық ҚАЖ департаментінің волейболшылар командасы, осы мектептің, ЕЦ-166 /23, 24, 25 мекемелерінің педагогикалық ұжымының командасы қатысты.
Спорттық турнирді Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Қайрат Айдарбеков ашты. Облыстық ҚАЖ ведомствосының басшысы спорттық іс-шараға қатысушыларға қызметке адалдығы, қаза тапқан әріптесін еске алғаны үшін алғыс білдірді.
– Біз қайтыс болған қызметкерлер мен олардың отбасыларын ешқашан ұмытпауымыз керек. Оларды жеке білмеген жас қызметкерлерге әріптестеріміздің қайтыс болғанымен, өздеріне, борышы мен қызметіне адал болғанын айтып, еске алу – біздің міндетіміз, – деп атап өтті ол.
Алғыс сөздерімен және тілектерімен Ольганың анасы Елена Штепенко сөз сөйледі.
– Мен сіздің қызметіңіздің қаншалықты қауіпті және қиын екенін білемін. Әрқайсыңызға мықты денсаулық тілеймін және әрқашан үйге аман-есен оралыңыздар, – деді ол.
Елена Константиновна жыл сайынғы жарыстарды ұйымдастырғаны үшін залда отырғандардың барлығына ризашылығын білдіріп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша орта мектеп командасы жеңіске жетті, екінші орынды ЕЦ-166/25 мекемесінің командасы, үшінші орынды ҚАЖ департаменті аппаратының қызметкерлері иеленді.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жеңімпаз командаларға кубоктар, медальдар және құрмет грамоталары табыс етілді.
Сонымен қатар, ЕЦ-166/24 мекемесінің қызметкерлері 13 жыл бұрын қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан әділет лейтенанты Ольга Василевскаяның қабіріне гүл шоқтарын қойды.