Ақмола облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері балалар ауруханасына барды
Қатаң режим мекемесінің сотталғандары аудандық аурухананың балалар бөліміне арнап пижамалар тікті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысы бойынша ҚАЖД ЕЦ-166/4 мекемесінің қызметкерлері Атбасар ауданаралық ауруханасының балалар бөлімінде болды. Кішкентай науқастар мен олардың аналары үшін ҚАЖ қызметкерлері жаңа жылдық ертегі ұйымдастырды. Аналар мен сәбилерді құттықтау үшін Аяз ата мен Ақшақардың костюмдеріндегі қызметкерлер аурухананың бөліміне келді.
Балалар мен олардың ата-аналарына сыйлық ретінде тәттілер, әндер мен тақпақтар тарту етілді, ал стационарға шұғыл түскен кішкентай науқастарға арналған түрлі-түсті пижамаларды қызметкерлер аудандық медициналық мекеменің балалар бөліміне сыйға тартты.
– Менің ойымша, бұл заттар ауруханада артық болмайды. Жағдай әртүрлі болып тұрады, бұл заттарды өз қаражатымызға шын жүректен тіктік, – дейді сотталғандардың бірі.