Ақмола облысында 19 жастағы жүргізуші жылқыны қағып кетті
Ақмола облысында 19 жастағы жүргізуші жылқыны қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 наурызда шамамен сағат 21:45-те Көкшетау – Рузаевка бағытындағы автожолдың 13 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алды. Зеренді ауданының 19 жастағы тұрғыны, Volkswagen Sharan автокөлігінің жүргізушісі Көкшетау қаласы бағытында келе жатып, жүріс бөлігіне шығып бара жатқан жылқыны қағып кеткені анықталды.
29 наурызда шамамен сағат 04:40-та ГАЗ 2705 көлігінің жүргізушісі 33 жастағы Есіл қаласының тұрғыны облыс орталығының аумағында Көкшетау – Атбасар автожолының 9 шақырымында атты қағып кетті. Қазіргі уақытта полицейлер мал иелерін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Бақытымызға орай, жол-көлік оқиғаларында ешкім зардап шеккен жоқ.
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына үй малдарын жаю ережелерін сақтауды және олардың автожолдардың жанында пайда болуына жол бермеуді сұрайды. Ақмола полицейлері ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) сәйкес үш АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын және жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға жазаланатынын еске салады.