Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында 9,5 млн теңгенің темірлерін жымқырған ер адам ұсталды

Түркістан облысында 9,5 млн теңгенің темірлерін жымқырған ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне газ жүргізу мекемесінен шағым түскен. Жәбірленуші тараптың айтуынша, оларға тиесілі газ құбырларын орнатуға арналған темір бұрыштамаларды белгісіз біреулер жымқырып кетіп, 9,5 млн теңгеге жуық шығын келтірген.

Хабарлама түскен мезетте бәйдібектік тәжірибелі тәртіп сақшылары орын алған қылмысты ашып, кінәліні анықтауға қатысты шараларға кірісті. Куәлардан жауап алды, жақын аймақтарды мұқият тексерді. Полицейлердің жан-жақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде, күдікті ер адам анықталып, ұсталды. Ол аталмыш мекеменің жұмысшысы, Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты.

Белгілі болғандай, мекеме басшысы өзінің жұмысшысына мекемеге тиесілі темір құрылғыларды сеніп тапсырған. Алайда күдікті өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ысырап етіп, оны темір қабылдайтын орынға төрт миллион теңгеге сатып жіберген.

Десек те, тәртіп сақшыларының тындырымды тірлігінің арқасында ұрланған темірлер табылып, айғақты зат ретінде алынды. Күдікті өз сөзінде бұл әрекетке қарыздарын жабу үшін барғанын айтты.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша тіркеді. Бүгінде күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру