Ақмола облысында 3 елікті заңсыз атып алғандар ұсталды
Ақмола облысында 3 елікті заңсыз атып алғандар ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.Ақмола облысында заңсыз аңшылықтың жолын кесу бағытында полицияның жедел іс-шаралары жалғасуда. Кезекті браконьерлік деректі криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, 29 қаңтарға қараған түні Зеренді ауданында анықтады.
Түнгі сағат 02:00 шамасында тәртіп сақшылары ВАЗ-21015 автокөлігін тоқтатты. Көлік салонында 33 жастағы жүргізуші мен екі жолаушы болған. Олардың бірі бұған дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аң аулау) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Көлікті тексеру барысында жүксалғыштан үш еліктің ұшасы табылды.
Осы уақытта полиция қызметкерлері 31 жастағы жергілікті тұрғын басқарған Toyota Camry автокөлігін де тоқтатты. Оның салонынан 12-калибрлі бір оқпанды мылтық пен оқ-дәрілер анықталды.
Тергеу-жедел іс-шаралары барысында күдіктілердің түнгі уақытта Бәйтерек ауылы маңында атыс қаруынан үш елікті атқаны белгілі болды. Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тәркіленген жабайы жануарлардың өлекселері сараптамаға жіберілді.
Ақмола облысының полиция департаменті заңсыз аңшылықтың қоршаған ортаға орасан зор зиян тигізетінін және мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.