Ақмолада патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілерімен кездесті
Ақмолада патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің патрульдік полиция ротасы Астана қаласындағы №1 автобус паркінің жүргізушілерімен профилактикалық кездесу өткізді. Шараның мақсаты — қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру.
Аталған автобус паркі қала маңындағы бағыттар бойынша — Аршалы және Астрахан аудандарына, сондай-ақ Қосшы қаласы мен Қабанбай батыр ауылына қатынайтын маршруттарға қызмет көрсетеді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, көлік құралдарын жүйелі түрде техникалық байқаудан өткізу және ауа райы мен жол жағдайына сәйкес сақтық шараларын сақтау қажеттігін еске салды.
Өз кезегінде жүргізушілер елді мекендердегі жол инфрақұрылымының жай-күйіне қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Қоянды кентінде жол белгілері мен жасанды кедергілердің болмауы апаттық жағдайлардың қаупін арттыратыны айтылды.
Сондай-ақ қатысушылар Қосшы қаласында "Сергек" бейнебақылау жүйесін орнату және кейбір ауылдық елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру қажеттігін ұсынды.
Полиция өкілдері барлық ұсыныстар мен ескертулердің назарға алынатынын, бұл мәселелер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қаралып, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Мұндай профилактикалық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Олар құқық қорғау органдары мен көлік ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.
