Ақмола облысында полиция қызметкері суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды
Ақмола облысында полиция қызметкері суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кейде санаулы секунд адамның тағдырын өзгертіп жібереді. Ақмола облысының полиция қызметкері Эрика Шакеева мен оның жұбайы үшін биылғы 11 шілде өмір бойы ұмытылмас күндердің біріне айналды.
Сол күні сағат 17:00 шамасында ерлі-зайыптылар Садовое ауылы маңындағы Шағалалы (Чаглин) су қоймасына демалуға барған. Шомылып жүрген кезде олар туыстарымен бірге жүрген шамамен 12 жастағы баланы байқайды.
Алғашында жағдай қалыпты көрінген. Баланың жанында ересектер болып, анасы онымен сөйлесіп, өзіне шақырып тұрған. Алайда арада бірнеше минут өткенде бала суға бата бастайды.
– Не болып жатқанын бірден түсінбей қалдық. Барлығы санаулы секундтың ішінде болды. Жұбайымыз екеуміз бір-бірімізге қарадық та, ол бірден балаға қарай жүзіп кетті. Мен баланың қорқып, оны да суға тартып кетуі мүмкін екенін ойлап, құтқару шеңберін алып соңынан жүздім. Жақындаған соң шеңберді беріп, екеуміз баланы жағаға аман алып шықтық, – деп еске алады полиция қызметкері Эрика Шакеева.
Оның айтуынша, оқиғадан кейін олар ұзақ уақыт бойы өздеріне келе алмаған.
– Бұл жағдай бізге қатты әсер етті. Мұндай сәттер өмір бойы есте қалады. Сондықтан барлық ата-анаға үндеу жасағым келеді: балаларды су айдындарында бір сәтке де қараусыз қалдырмаңыздар. Қауіп аяқ астынан туындауы мүмкін, тіпті бәрі бақылауда тұрғандай көрінсе де, – дейді полиция қызметкері.
Полиция тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Балаларды қараусыз қалдырмау, құтқару құралдарын пайдалану және сақтық шараларын сақтау – қайғылы оқиғалардың алдын алудың басты кепілі. Өйткені суда әрбір секундтың маңызы зор.
