Ақмола облысында 9 мыңнан астам азаматтық атыс қаруының иелері тіркелген
Ақмола облысында 9 мыңнан астам азаматтық атыс қаруының иелері тіркелген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола полицейлері 15 қаңтардан бастап ерекше өкімге дейін күшейтілген режимде жұмыс істеуде, өңірде “Құқықтық тәртіп” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
– Өткен кезеңде полиция қызметкерлері 2097 әкімшілік құқық бұзушылықты, оның ішінде 313 ұсақ бұзақылық жасау, 341 – қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу фактілерін анықтады. Көші-қон саласындағы ҚР заңнамасын бұзған азаматтарға қатысты 132 әкімшілік хаттама толтырылып, тіркеусіз тұрудың 94 фактісі анықталды, – деп хабарлады жергілікті полиция қызметі басқармасы.
Жедел алдын алу іс-шарасы аясында криминалдық полиция қызметкерлері 11 қылмысты ашты, 1630 азаматтық атыс қаруының иелерін тексерді, нәтижесінде заңсыз айналымнан 31 бірлік атыс қаруы, 115 суық және 76 оқ-дәрі тәркіленді.
Жедел алдын алу іс-шарасы кезінде ақмолалық полицейлер 3504 тексеру жүргізді, 1244 қараусыз қалған үй-жайлар, 2 мыңнан астам саяжай алқаптарында үйлер тексерілді. Сонымен қатар, жалға берілетін 2272 пәтер тексерілді.