Ақмола облысында баланың көзінше кісі өлтірген қылмыскер жазаланды
Ақмола облысында баланың көзінше кісі өлтірген қылмыскер жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің атына Көкшетау қаласының тұрғыны Зура Ақжановадан алғыс хат келіп түсті. Онда ол облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Алмас Ілиясовқа, Тергеу басқармасының тергеушісі Мұхан Ысқақовқа және Көкшетау қаласы ПБ тергеушісі Рауан Мұзаевқа анасы мен әпкесін өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу кезінде өзінің функционалдық міндеттерін адал атқарғаны үшін үлкен алғыс білдіреді.
Өз хатында әйел олардың қажырлы еңбегінің арқасында кісі өлтірген күдіктіні анықтап, ұстай алған тергеушілердің бірлескен жұмысына жоғары баға берді.
Қылмыс жасаған күні қаскүнем Көкшетау қаласында мас күйінде жәбірленушілердің үйіне келіп, қорғансыз әйелдерге көптеген дене жарақаттарын және пышақ жарақаттарын салып, көпқабатты үйдің кіреберісінде және пәтерінде оларды қатігездікпен өлтірген.
Өлім кезінде қаскүнемнің құрбандары 37 және 68 жаста болған. Сонымен қатар, қайтыс болған әйелдің жас қызы адамгершілікке жатпайтын қылмыстың куәгері болды. Қанды қылмыстан кейін қаскүнем жасырынып кеткендіктен, қылмыстың жасалу ретін қалпына келтіруге, дәлелдер базасын толық жинауға, куәгерлер мен дәлелдемелерді іздеуге уақыт кетті. Кейінірек оның адам өлтіруге қатысы бар екендігі дәлелденді.
Қылмыскер халықаралық іздеуге жарияланды. Біраз уақыттан кейін полиция оны көрші мемлекеттің аумағында анықтады. Онда ол басқа біреудің атымен жасырынып жүріп отбасын құрған. Садистті қазақстандық сотқа беру үшін көкшетаулық тергеушілер прокуратура алдында оны экстрадициялау туралы қолдаухатпен шықты.
Қазіргі уақытта ол лайықты жазасын өтеп жатыр. Өз хатында әйел полиция қызметкерлеріне ауыр еңбегі, адалдығы және жақындарының өлімін тергеу кезінде өз міндеттерін тиісінше орындағаны үшін, қылмыскердің әділ жазалануына күш салғаны үшін алғыс айтты.