Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сарыағашта пробация бақылауынан жасырынған екі сотталған ұсталды

Сарыағашта пробация бақылауынан жасырынған екі сотталған ұсталды Polisia.kz.

Сарыағаш аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған екі сотталған ішкі істер органдарының қызметкерлерінен бой тасалап, қашып жүрген болатын. Полиция және пробация қызметкерлерінің жүйелі еңбегінің арқасында екі қашқын құрықталды.

Қоғамнан оқшаулаусыз жазаларға сотталғандар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, іздеу жарияланған сотталғандардың тұрғылықты жерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған шараға орай мамандар күшейтілген қызмет түріне көшті.

Осындай іздеу нәтижесінде, Сарыағаш аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған екі сотталған азаматқа іздеу жариялаған болатын. Олар пробация қызметкерлері жасаған ескертулерге құлақ аспай, жаза өтеу тәртібі мен шарттары түсіндірілгеніне қарамастан, бірнеше рет, яғни әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Белгіленген уақытта үйінде болмай, профилактикалық іс-шараларға қатысу үшін есеп беруге келмей, сот жүктеген міндеттерді орындамай, жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзған.

Кейбір сотталғандар өздеріне қатысты сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеудің орнына, жазадан жалтаруға дейін барады. Оған нақты мысал, Сарыағаш аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған бас бостандығын шектеу жазасына сотталған Талғат пен Кәрім. Олар өздеріне қатысты сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеуден жалтарып, пробация қызметінің бақылауынан жасырынған.

– Осы себепті пробация қызметімен бұл сотталғандарға қатысты іздеу жарияланып, бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстау шарасы тағайындалған. Сотталғандар Қазақстан Республикасы ҚАК-нің 67-бабының 3-бөлігінің (Процестік келісімнің талаптары орындалған кезде қылмыстық жауаптылықтан босату) талаптарын бұза отырып, жазаны өтеу ережесін қаскөйлікпен бұзушылар ретінде танылған. Бұл сотталғандарға қатысты пробация қызметінің ұсынысымен сот отырысы сотталғандардың онлайн режимде қатысуы арқылы қаралып, жазаларының өтелмеген бөліктері дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды, – деді Сарыағаш аудандық пробация қызметі бөлім бастығы Қуандық Сартаев.

Іздеу жариялау туралы қаулының негізінде Талғат пен Кәрімді қаңтар айының ішінде полиция қызметкерлері күзетпен ұстауға алған. Қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жаза түріне сотталған тұлғалардың тарапынан жаңа қылмыстың алдын алу және сотталғандардың түзелу жолына түсуіне ықпал жасау мақсатында пробация қызметімен ұдайы түрде кешенді іс-шаралар атқарылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру