Ақмола облысында көлік тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім жол апатына ұшырады
Ақмола облысында көлік тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім жол апатына ұшырады, – деп хабарлайды Polisia.kz
2 маусымда Степногорск қаласының Полиция басқармасына жедел жәрдем станциясының фельдшерінен жол-көлік оқиғасына тап болған кәмелетке толмағандарға медициналық көмек көрсетілгені туралы телефон хабарламасы келіп түсті.
Алдын ала анықталғандай, 2 маусым күні сағат 07:20 шамасында Макинск – Ақсу – Торғай автожолының 129-шақырымында Степногорск қаласының кәмелетке толмаған тұрғыны Volkswagen Golf автокөлігін басқара отырып, рөлге ие бола алмаған. Содан автокөлік кюветке құлап, бірнеше рет аударылып кеткен. Аударылу салдарынан 13, 15 және 16 жастағы кәмелетке толмаған жолаушылар көліктен ұшып кетті.
Жол-көлік оқиғасынан кейін жасөспірімдер Степногорск қаласына бағыттас көліктермен жетіп, ата-аналарына болған жағдай туралы айтып берген. Олар түрлі жарақаттармен Степногорск қаласының ауруханасына жатқызылды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды. Автокөлік Степногорск қаласындағы арнайы айыппұл тұрағына қойылды.
Тексеру барысында Степногорск қаласының 15 жастағы тұрғыны жездесіне тиесілі автокөліктің кілтін сұраусыз үйден алып кеткені анықталды. Достарын автокөлікпен қыдырту қайғылы оқиғаға әкеп соға жаздады. Кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін үйден тыс жерде болғаны үшін олардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерде болуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ақмола полицейлері облыс тұрғындарын балаларға мұқият болуға, олардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүруіне, көлік құралдарын басқаруға жол бермеуге шақырады.