Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тыл еңбеккерлері мен ІІО ардагерлерінің жесірлеріне Президенттің атынан мерейтойлық медальдар табысталды

Ақмола облысының полицейлері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ерекше шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тыл еңбеккерлері мен ішкі істер органдары ардагерлерінің жесірлеріне арнап жеке концерттер беріп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтойлық медальдар табыстады.

Көкшетау қаласының аулаларында соғыс жылдарындағы әсерлі әндер шырқалып, олардың әр нотасы тыңдаушылардың жүрегіне жол тапты. Бұл дәстүрлі шаралар төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Жыл сайынғы кездесулердің ауқымы да, маңыздылығы да артып отырғанын айта кеткен жөн. Биылғы Жеңіс мейрамы қарсаңында полиция департаменті соғыс жылдарында аянбай еңбек еткен жандардың алдындағы азаматтық борышын тағы бір мәрте лайықты түрде өтеді.

Бүгінгі таңда Ақмола облысының ішкі істер органдарында небәрі екі тыл еңбеккері –  Николай Сокирко мен Николай Митрофанов қана қалды. Олар балалық шақтарын сұрапыл соғыстың салмағында өткізсе, жастық шақтарын елді қалпына келтіруге арнады. Бұл жандар өз өмірлерін құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге арнап, ондаған жыл бойы адал қызмет етті. Құрметті демалыста болса да, олар бойларындағы жауынгерлік рухты жоғалтқан емес.

94 жастағы Николай Митрофанов әлі де тың. Концерт барысында ол орнынан тұрып, әндерді тік тұрып тыңдады – бұл оның Ұлы Жеңіс рухына деген шынайы құрметі мен мызғымас ерік-жігерінің айқын көрінісі болды.

Милицияның отставкадағы майоры Николай Сокирко – бірнеше буын тәртіп сақшыларын тәрбиелеген білікті маман. Бүгінде де департаменттің қоғамдық жұмыстарына белсенді араласып, ақыл-кеңесін аямайды. Ардагер бұл жолы көзіне жас алып, көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін алғыс білдіріп, ел амандығы мен бейбіт аспан тіледі.

Бұл күні полицейлер Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жесірлеріне де ерекше ілтипат көрсетті. Жүз жасқа толатын Ксения Тюменцева Жеңіс мерекесін күлімсіреп қарсы алды. Оның жұбайы Анатолий Тюменцев соғыстан кейін милицияда қызмет атқарып, қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел уәкілі болған. Ксения Тюменцеваны департамент бастығы Нұрсұлтан Мукашев арнайы құттықтап, естелік медаль табыстады. Ал департамент бастығының бірінші орынбасары Бақтияр Өтекин мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәуітбек Нұрғалиев ҰОС және ішкі істер органдары ардагерінің жесірі Нағима Осипова апайдың шаңырағына барып, құрмет көрсетті.

Полицейлердің осындай бастамаларын қала тұрғындары да жылы қабылдайды. Ардагерлердің балалары мен немерелері, көршілері көздеріне жас алып, бала күннен таныс соғыс әндерін тыңдап, естеліктерге бойлады. "Смуглянка", "Пилоты", "Майский вальс" сынды әндер көпшіліктің сүйікті туындыларына айналды. Ал "День Победы" әні шырқалғанда – барша жұрт орындарынан тұрып, ата-бабаларымыздың ерлігіне тағзым етті.

Николай Сокирко, Николай Митрофанов, Ксения Тюменцева және Нағима Осипова сынды ардагерлер өз өмір жолдарымен жас буынға үлгі көрсетіп, елімізге адал қызмет етудің, төзімділік пен рух биіктігінің нағыз символына айналды. Олардың тағылымы – өшпес тарих, ұрпақ санасына сіңуі тиіс қастерлі мұра.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру