Ақмола облысында полиция мереке күндері 28 мас жүргізушіні ұстады
Ақмола облысында полиция мереке күндері 28 мас жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен мерекелерде Ақмола облысының полицейлері мас жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударды. Әрине, жергілікті жүргізушілер үшін мереке күндері алкогольді сусындарсыз болған жоқ. Полицейлер соңғы үш күнде 28 жүргізушіні мас күйінде ұстады.
Полицейлер үш күн ішінде мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерді анықтады. 21 жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік шаралар және ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша 7 жүргізушіге шара қолданылды.
Мәселен осы жылы 9 наурызда Көкшетау қаласы ПБ ППБ полиция инспекторлары Уәлиханов көшесі, 228а үйдің жанында патрульдеу кезінде жүргізушісі мас күйінде болған ГАЗ-21 көлігін тоқтатты. Сонымен қатар мәліметтер базасын тексеру кезінде ер адамның 1997 жылы берілген жүргізуші куәлігімен көлік құралында жүргені анықталды, оны 2002 жылы өзгерту қажет болды.
Полицейлер осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыруда және кезекті рет барлық жүргізушілерге жол ережесін бұзбау туралы өтінішпен жүгінеді!