Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысының орта мектептерінде 10 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылған

Ақмола облысының орта мектептерінде 10 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Полиция департаментінде білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңейтілген ведомствоаралық кеңес өтті. Отырыс жұмысына бірінші басшы Думан Таевтың төрағалығымен облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова, кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Дариға Оспанова, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсем Асаинова, білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов, Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері, Көкшетау қаласындағы орта мектептер мен колледждердің директорлары, жеке күзет құрылымдарының басшылары және ювеналды полиция инспекторлары қатысты.

Бейнебайланыс режимінде кеңеске аумақтық полиция бөлімшелері мен аудандық әкімдіктердің, білім, денсаулық сақтау бөлімдерінің, прокуратураның, мектептердің және орта-арнайы білім беру мекемелерінің өкілдері қосылды.

Кеңес қатысушылары бірнеше мәселелер талқылады, олардың шешімі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді одан әрі жедел және тиімді орындауға мүмкіндік береді.
Қатысушыларға арнаған сөзінде модератор Думан Таев жасөспірімдер жасаған қылмыстардың ең көп саны байқалатын аймақтарды атады. Бұл Ақкөл, Атбасар, Бұланды аудандары, Көкшетау, Степногорск және Қосшы қалалары. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар көбінесе басқа біреудің мүлкін ұрлайды. Оқу орындарының аумақтарында қылмыстық қақтығыстар мен топтық төбелес фактілері полицейлерді қатты алаңдатады. 2022 жылдың желтоқсанында және осы жылдың қаңтарында өңірде осындай үш факт тіркелді.


Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Аслан Қызбикенов жұмыс кездесуіне қатысушыларға жасөспірімдер қылмысының жай-күйі туралы толығырақ айтып берді. Баяндамада құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан жұмыстың барлық бағыттары айтылды, полицейлер кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялар қызметінің тиімділігін арттыруға және дені сау ұрпақты сақтауға мүмкіндік беретін бірқатар ұсынымдар енгізді.

Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда Көкшетау қаласында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының қызметін қайта бастау өткір мәселе болып тұр, онда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен кәмелетке толмағандарды уақытша орналастыруға болады.

Кеңестің басты тақырыбы аймақтағы барлық білім беру мекемелерін физикалық күзетпен және бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі болды. Аслан Қызбикеновтың айтуынша, мектептер мен колледждердің аумағында әлі де «соқыр» аймақтар бар, онда топтық төбелестер жиі жасалады немесе жасөспірімдер темекі өнімдерін пайдаланады.
Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов балаларды тәрбиелеу бойынша оқу орындарының қабырғасында және «тәуекел тобында» және полицияда есепте тұрған кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыруда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы айтып берді. Спикердің баяндамасында Ақмола өңірінде фостерлік отбасылардың құрылуы, жасөспірімдер де, ересектер де жүгіне алатын «сенім телефондарының» қызметі туралы ақпарат айтылды.

В.Гамазовтың айтуынша, орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің ережелері бекітілген. Олар 542 мектепте және 32 колледжде енгізілген. Сонымен қатар баланы қорқытудың (буллинг) алдын алу ережелері бекітілді. Сондай-ақ қорқытудың алдын алу, бала мен отбасы арасындағы, оқушы мен педагог арасындағы, құрдастар арасындағы жанжалды жағдайларды шешу үшін білім басқармасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотпен бірлесіп 385 мектепте облыстың білім беру мекемелерінде мектеп медиациясы қызметтерінің жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жоба әзірленіп, енгізілді. Мектеп бітімгершілік қызметі медиативтік бағдарламаларды жүргізуге ғана емес, сонымен қатар мектепте жайлы және қауіпсіз орта құруға, қақтығысты реттеуде қорқытуға қарсы іс-қимыл жұмыстарын ұйымдастыруға бағытталған. Сондай-ақ әрбір орта білім беру ұйымында алдын алу кеңестері құрылды.

Кеңейтілген жиналыс қоғамды толғандыратын мәселелерді жалпы талқылауға шығаруға тамаша мүмкіндік берді. «Зерделі ұрпақ» жастар қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлнәр Оразбаеваның айтуынша, құқық қорғау органдары мен білім беру жүйесінің қызметкерлері жастарға теріс әсер ететін, шындықтан алшақтататын, агрессия мен қорқыныш сияқты эмоцияларды қалыптастыратын компьютерлік ойындардың танымалдылығына назар аударуы керек. Спикердің пікірінше, «аниме» стиліндегі мультфильмдер жас ұрпаққа теріс әсер етеді.

Бүгінгі таңда өңірде 542 орта мектеп жұмыс істейді, онда 10 мың 213 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың 4200-ден астамы жедел басқару орталығына және аумақтық полиция бөлімшелерінің кезекші бөлімдеріне шығарылды, бұл мектептердегі құқықтық тәртіпті нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. 396 орта мектеп дабыл түймелерімен жабдықталған, олар да полиция департаментінің бөлімшелеріне шығарылды. Ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы Дәулет Шәкенов бейнебақылау камераларының, дабыл түймелерінің техникалық жай-күйі және олардың интеграциялануы туралы жиналыс қатысушыларына айтып берді. Спикер мектеп директорларын мектептердегі дабыл түймелерінің санын көбейтуге және оларды тек өткізу пунктінде ғана емес, басқа қабаттарда да орнатуға шақырды. Сондай-ақ полицейлер қолда бар бейнебақылау жүйесін жетілдіруді және биометрия мүмкіндіктері бар цифрлық бейнебақылау камераларын пайдалануды сұрады.

Мектептерде бейнекамераларды енгізу және интеграциялау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Рапиков атап өтті. Спикердің ақпараты бойынша, ведомство бүгінгі таңда техникалық проблемалар бар ауылдық мектептердің бейнекамераларын қосу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатып.

Ведомствоаралық кеңесті ұйымдастырушылар лицензияланған күзеттің болуын оқушылар мен студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі деп атады. Жеке күзет құрылымдары мен құқық қорғау органының өзара іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік ететін Ерлан Мұстафиннің сөзінде білім беру объектілерін физикалық қорғауды жүзеге асыру кезінде бүгінгі күні бар проблемалық мәселелер егжей-тегжейлі айтылды.

Отырыс соңында Думан Таев барлық мүдделі органдарды өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты аса маңызды мәселені шешуде одан да тығыз өзара іс-қимылға шақырды. Кеңес барысында әзірленген шаралар, сондай-ақ мектеп директорларының аузынан шыққан проблемалық мәселелерді Департамент бастығы жеке бақылауға алды.
Қорытынды сөзінде әкімнің орынбасары Алтынай Әміренова кеңес барысында айтылған барлық қабылданған шешімдер мен бастамалар бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау білдірді. Полицейлерге осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырғаны үшін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Әсем Асаинова алғысын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру