Ақмола облысының полицейлері ауыл тұрғынының жоғалған малын тауып берді
Ақмола облысының полицейлері жоғалған 41 қойын тауып, ауыл тұрғынына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақсы ауданының полиция бөліміне жақын маңдағы ауыл тұрғындарының бірі малдың жоғалғаны туралы өтінішпен жүгінді. Ауыл тұрғынының айтуынша, 17-18 қазан аралығында белгісіз адамдар үйдің ауласына кіріп, қорадан 41 бас қой ұрлаған. Залал сомасы 2 млн 240 мың теңгені құрады. Өзінің іздеу шаралары сәтсіз аяқталғаннан кейін, қойлардың иесі полицияға жүгінген.
Өтініш ҚР ҚК–нің 188-1-бабы 3-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша тіркелді, ал жоғалған малды іздеу үшін криминалдық және әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметкерлерінен жедел-іздестіру тобы құрылды.
Бірнеше сағат ішінде полицейлер елді мекенді аралап, орман алқаптарын, жақын маңдағы шалғындық орындарды тексерді.
Мұқият жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде барлық қойлар жоғалған жерден 27 шақырым жерде Рентабельное ауылының маңынан табылды. Қылмыстық іс тоқтатылды.
Белгілі болғандай, қашаның есігі дұрыс жабылмай, қараусыз қалған жануарлар ұстау орнынан шығып кетулері де мүмкін болған. Табылған мал заңды иесіне қайтарылып, ол өз кезегінде көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.