Ақмола облысының полицейлері іздеуде жүрген қылмыскерді құрықтады
Ақмола облысының полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында қылмыстық құқық бұзушының орналасқан жерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында Щучинск қаласының аумағында криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері Талдықорған қаласының полиция басқармасында іздеуде тұрған қылмыскерді ұстады.
Бұрын ҚР ҚК 99-бабы «Кісі өлтіру» бойынша сотталған, пробациялық бақылаудан жасырынған қылмыскер қазіргі уақытта қамауда отыр.
Естеріңізге сала кетейік, қылмыстар мен құқық бұзушылықтар жасауға жол бермеу, алдын алу шараларын арттыру, сондай-ақ көлік тәртібін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 21 наурызынан бастап облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды.
Өткен кезеңде Ақмола облысында 2 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде қоғамдық орындарда алкогольдік мас күйінде пайда болу фактілері – 150, ұсақ бұзақылық жасау фактілері – 176. Түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болған 143 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.
Патрульдік полиция батальоны мен ротасының қызметкерлері мас күйінде автокөлікті басқарған 36 құқық бұзушы жүргізушіні және жылдамдықты асырғаны үшін 1 мыңға жуық адамды ұстады.
Сонымен қатар тұрғылықты жері бойынша учаскелік полиция инспекторлары профилактикалық есепте тұрған 2 мың 687 адамды тексерді.
«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.