Ақмола полицейлері із-түссіз жоғалған жасөспірімді іздеп жатыр
Ақмола полицейлері із-түссіз жоғалған Зарубин Русланды іздеп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының Полиция департаменті Щучинск қаласының тұрғыны, 16 жастағы Зарубин Руслан Тұрлыбекұлын іздеп жатыр. Ол 2023 жылғы 7 қаңтарда түнгі сағат 2:20 шамасында үйден кетіп, осы уақытқа дейін қайта оралмаған.
Жасөспірімнің орналасқан жерін анықтау мақсатында полиция қызметкерлері іздестіру іс-шараларының кешенін ұйымдастырды. Колледждердің жатақханалары, қонақ үйлер тексерілді, кәмелетке толмағанның таныстары мен достарынан сұхбат алынды.
Жасөспірімді іздеуге департаменттің бөлімшелері, Бурабай АПБ, Бурабай КПБ, Бурабай-Курорты ЖПБ жеке құрамы, жұртшылық және басқа күштер бағытталған.
– Зарубин Руслан Тұрлыбекұлының орналасқан жері туралы ақпарат білетін барлық адамдардан бұл туралы “102” арнайы желісіне хабарлауды сұраймыз. Жасөспірімнің белгілері: көздерінің түсі жасыл, бойы шамамен – 155-160 см. Үйден шыққан кезде үстінде тоқылған сұр түсті бас киім, қою көк түсті сырт киім, қара спорттық трико, аяғында қысқы қоңыр түсті кроссовка болған. Өзімен LG телефон болған, – дейді полицейлер.