Алматыда тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар анықталды
Алматы қаласы ҚАЖД №72 мекемесі жедел бөлімі қызметкерлерінің ақпараты бойынша жуырда аталған мекемеге есірткі заттарын өткізбекші болған үш адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел ақпарат бойынша шұғыл әрекет еткен мекеменің жедел уәкілдері Алматы қаласы Түрксіб ауданы Полиция басқармасының жедел қызметкерлерімен бірге тергеу изоляторының аумағына келген көк түсті Subaru Forester жеңіл көлігін тоқтатқан болатын. Тінту кезінде сусабынның ыдысына салынған өткір иісті ұнтақ табылды. Ұсталған 19 жастағы екі жігіт және 37 жастағы ер адам өздерінің мекемеге есірткі затын кіргізу мүмкіндігін іздеп келгендерін мойындады.
Сондай-ақ абақтыға телефон тасыған әйелдің де әрекеті анықталды. Бас бостандығынан айыру орындарындағы жазалылар мен күдіктілерге сәлемдеме әкелушілер үшін бақылау-тексеру пунктінде арнайы ескерту жазба ілініп тұрады.
Яғни, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы 1-бөлігінде көзделгендей Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттарды өткізу үшін жасалған әрекеттерге қолданылатын жаза бары ауызша да ескертіледі.
Алайда осындай ескертулерге қарамастан тыйым салынған заттарды өткізуге тырысатындар жиі анықталады. Соның бірі – Алматы қаласындағы тергеу изоляторында жатқан баласына жасырын түрде телефон бермекші болған ананың әрекеті. Ол алаяқтық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша күдікті деп танылып, тергеу абақтысына қамалған баласына әкелген күртенің қалтасына Техет телефоны мен SIM карта жасырған.