Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Цифрлық пробация: бақылау мен қайта әлеуметтендірудің жаңа форматы

Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты пробация қызметі жаңа форматқа көшуде. Цифрлық пробация – бұл мобильді қосымшаларды, бейнебақылау жүйелерін және электрондық бақылау құралдарын пайдалана отырып, пробация қызметінде есепте тұрған адамдарды бақылау мен қайта әлеуметтендірудің заманауи форматы, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Есепке алынған азаматтар смартфондағы "Цифрлық пробация" қосымшасы арқылы қашықтықтан белгіленіп, құжаттарын жібере алады және инспектордан хабарлама ала алады.
Цифрлық пробация қызметінің тиімділігі – пробация қызметкерлері сот шектеулерінің сақталуын тәулік бойы қадағалай алады.

Жүйе қалалық бейнебақылау камераларымен және мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған. Ол автоматты түрде бақылаудағылардың тыйым салынған орындарға бару немесе басқа өңірлерге шығу фактілерін дереу тіркейді.

Алматы қаласы бойынша 1640 сотталғанға қатысты "Цифрлы пробация" қолданылады. Аталған сотталғандардың ішінде 167 құқық бұзушылық анықталып, 18 сотталғанның ісі бас бостандығынан айыру үшін сотқа жолданды. Бүгінгі таңда 3 іс қаралып, 15 іс қаралу үстінде.
Сондай-ақ 120 сотталғанға қатысты "Электрондық бақылау құралдары" қолданылса, олардың арасынан 132 жаза өтеу тәртібін бұзу анықталды. Бұл факт бойынша 34 іс сотқа жіберіліп, әзірше 19 іс қанағаттандырылды. Смартфондары жоқ немесе тұрақты байланыс жоқ сотталғандар электрондық браслет арқылы бақыланады.

Пробация қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – құқық бұзушылықтың алдын алу және есепте тұрған азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету.

Бұл орайда "Цифрлық пробация" қосымшасы – бақылауды күшейту ғана емес, сотталғандардың қайта құқық бұзушылық жасауына жол бермеу және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру