Ақмола полицейлері жалған VIN-кодтары бар көліктерді анықтады
Ақмола полицейлері жалған VIN-кодтары бар көліктерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола полицейлері шетелдік автокөліктерді заңдастыру акциясы барысында жалған VIN-кодтары бар көліктерді анықтады. Тәртіп сақшылары мамандандырылған ХҚКО жанындағы тексеру пунктіне әкелінген автомобильдерді мұқият тексереді.
28-30 қаңтарда облыс орталығында ВАЗ-21102, Toyota 4 Runner және ГАЗель көліктерінің нөмірлік агрегаттарын салыстыру барысында жедел-криминалистикалық басқарманың қызметкерлері сәйкессіздіктерді анықтады. Toyota 4 Runner көлігін тексеру кезінде автомобильдің VIN-коды оқылмайтындығы анықталды. Ваз-21102 көлігінде техпаспортта көрсетілген VIN-код сәйкес келмейді. ГАЗель автокөлікте капотта жазылған сәйкестендіру нөмірі де құжаттарда көрсетілген нөмірге сәйкес келмейді.
Сараптама тағайындалды. Барлық үш факті бойынша ҚР ҚК-нің 386-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жалпы, 23 қаңтардан бастап Ақмола облысында 377 көлік заңдастырылды. Оның ішінде 340 көлік Ресей есебінде, 34 көлік Армения Республикасында, 2 көлік Грузия есебінде және бір көлік Моңғолия есебінбе болған. Шетелдік көліктерді заңдастыру жөніндегі акция 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады. Заңдастыруға өтінішті «электрондық үкімет» порталы арқылы да, ХҚКО қызметкерлеріне жүгіну арқылы да беруге болады.