Ақмола полицейлері жас мотоциклшілердің ата-аналарына айыппұл салды
Ақмола полицейлері жас мотоциклшілердің ата-аналарына айыппұл салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына жол бермеу мақсатында ақмолалық полиция қызметкерлері тұрақты негізде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Осыған қарамастан, кәмелетке толмағандардың жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелуде.
Мәселен, 13 мамырда Ерейментау ауданы Еркіншілік ауылының көшелерін патрульдеу және қоғамдық тәртіпті сақтау барысында учаскелік инспектор Ерік Исенов қытайлық мотоциклді тоқтатты, рөлінде кәмелетке толмаған жергілікті тұрғын отырды. Тексеру кезінде оның мотоциклді мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз, көлік құралын басқару құқығынсыз басқарғаны анықталды.
22 мамырда осыған ұқсас екінші факті анықталды. Еркеншілік ауылының 17 жастағы кәмелетке толмаған тұрғыны көлік басқару құқығынсыз мотоцикл жүргізген. Кәмелетке толмағандар жасаған құқық бұзушылықтар үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 2-бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) және 612-бабының 2-бөлігі (Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) бойынша олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, көлік құралын мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерінсіз басқару 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, ал көлік құралын басқару құқығы жоқ адамның оны басқаруы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ақмола полицейлері ата-аналарға балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҚР ЖҚЕ сақтау қажеттігін ескертеді. Көлік құралын (әсіресе мопед немесе жеңіл мотоцикл) кәмелетке толмағандарға сеніп тапсырмас бұрын, олардың санаттары мен рұқсат түрлерін ажырата білу керек.
ЖҚЕ және «Жол қозғалысы туралы» Заңға сәйкес:
1. Мотоцикл – қозғалтқышының көлемі 125 текше сантиметрден асатын, басқаруға «А» құқық санаты бар 18 жастан асқан адамдар басқаруға болатын, қауіптілігі жоғары көлік құралы.
2. «A1» құқықтарының кіші санаты – оған шекті жылдамдығы 50 км/сағаттан асатын және кубатурасы 125 текше сантиметрге дейінгі (ең жоғары қуаты – 11 кВт-ға дейін) трициклдер, мотоциклдер, мопедтер және квадроциклдер жатады. Он алты жасқа толғандар осы ішкі санатты ала алады. 16 жасқа дейінгі балаларға мұндай көлікті басқаруға тыйым салынады.
Мопед ұғымына шағын кубатуралы қозғалтқыш (50 текше сантиметрге дейін немесе сағатына 4 кВт-дан аспайтын) және барынша қолжетімді жылдамдығы сағатына 50 километрге дейінгі механикалық көлік құралы жатады, бұл санатқа қолайлы сипаттамалары бар құралдар – электрсамокаттар, монодөңгелектер, аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер кіреді.
Жылдамдығы сағатына 50 километрден аспайтын және қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын көлік құралдарының жүргізушілері үшін көлікті басқару құқығы да, оны тіркеу де қажет емес.