Ақмола тұрғыны достарымен балық аулауға барып, көлігінен айырылды
Ақмола тұрғыны достарымен балық аулауға барып, көлігінен айырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz
9 қарашада Астрахан АПБ-ға 48 жастағы жергілікті тұрғынның өзіне тиесілі Mercedes-Benz 201D автокөлігінің ұрланғаны туралы өтініші келіп түсті. Залал сомасы 3 млн теңгені құрады.
Жәбірленушінің айтуынша, ол екі танысымен балық аулауға барған. Қажетті орынға келген соң көлікте бір досы қалып, екіншісімен бірге көлге қарай бет алған. Қайтып оралғаннан кейін ер адамдар көлікті де, оның ішінде қалған танысын да таппаған.
Автокөлікпен бірге жоғалып кеткен ер адам – Солтүстік Қазақстан облысы Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның 33 жастағы тұрғыны.
Осы фактіге сәйкес полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автокөлікті немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Ер адамның орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.