Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолада екі мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды

Ақмолада екі мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

3-5 сәуір аралығында Бурабай ауданының патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Щучинск – Бурабай курорттық аймағының аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтті.

Полицейлер көшелерде, жолдардың жүру бөлігінде және іргелес аумақтарда рейдтер жүргізді. Жол-көлік оқиғаларының өсуіне әсер ететін жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге ерекше назар аударды.

Үш күн ішінде полиция қызметкерлері 76 жол ережесін бұзу фактісін анықталды. 11 автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану ережелерін сақтамағаны үшін 10 азамат, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін екі адам жауапкершілікке тартылды. Жаяу жүргіншілер 14 жол ережесін бұзды. Рейдтік іс-шаралар барысында екі жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды.

3 сәуірде сағат 9:55 шамасында Щучинск қаласында жол қозғалысын қадағалау барысында полицейлер 43 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруымен Subaru Forester көлігін тоқтатты. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, жүргізуші «жеңіл дәрежедегі» алкогольдік масаң күйде болған.

Полицейлермен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы) бойынша хаттама толтырылды.

4 сәуірде сағат 02:20 шамасында Щучинск қаласындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері 28 жастағы қала тұрғынының басқаруымен Toyota Yaris автокөлігін тоқтатты.

Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, жүргізуші есірткілік мас күйде болған. Бурабай аудандық сотының шешімімен аталған азаматтар 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру