Ақмолада өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші мас күйінде рөлге отырған
Ақмолада өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші мас күйінде рөлге отырған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қазанда Көкшетау қаласы Әуелбеков-Алтынсарин көшелерінің қиылысында жол қозғалысын бақылауды жүзеге асыру кезінде құрамында полиция аға лейтенанты А. Аманбай мен полиция капитаны А. Әбілқайыров бар «Әскер-2» автопатруль экипажы облыс орталығының 41 жастағы тұрғынының басқаруындағы Оpel маркалы автокөлікті тоқтатты.
Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, жүргізуші жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған. Тексеру кезінде бұл азаматтың 2020 жылы өмір бойы көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Автомобиль айыппұл тұрағына қойылды. Күдікті Көкшетау қаласы УҰИ-не қамалды.