Ақмолада терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудың 3 фактісі тіркелді
Ақмолада терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудың 3 фактісі тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының Полиция департаментінде жылдың басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудың 3 фактісі тіркелді, барлық қылмыстар ашылды, күдіктілер анықталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Мәселен, осы жылдың мамыр айында Стеногорск қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне белгісіз ер адамнан бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Қоңырау шалушының айтуынша, қаладағы аялдамалардың бірінде бомба орнатылған. Оқиға орнына барлық күштік құрылымдар, шұғыл және арнайы қызметтер жіберілді, қызметтік техника жұмылдырылды, жақын маңдағы аумақ қоршалды. Жарылғыш зат табылған жоқ.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдікті анықталды. Ол 30 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты, ол 2019 жылы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.
23 тамызда Степногорск қаласы сотының шешімімен құқық бұзушыға қатысты екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сондай-ақ, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақмола облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының, Көкшетау қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері бұрын бірнеше рет сотталған 42 жастағы алматылықты Есік қаласының аумағында ұстады, ол 2021 жылғы сәуірде Көкшетау қаласындағы «Арбат» сауда үйінің аумағында жарылғыш зат салынғаны туралы хабарлаған.
31 тамызда Көкшетау қаласының сотымен күдікті ҚР ҚК-нің 273-бабы бойынша бостандықты шектеу жазасымен 2 жыл 6 айға сотталды.
Мұндай құқық бұзушылықтар елеулі қоғамдық резонанс тудырады. Көбінесе жалған хабарлардың себебі – мас күйінде жасалған ересектердің бұзақылығы немесе кәмелетке толмағандардың қасақана жасаған әрекеттері.
Айта кету керек, қылмыс жасаған уақытта 14 жасқа толған адамдар ҚР Қылмыстық кодексінің 15-бабының 2-бөлігіне сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет органдарын жалған шақырғаны үшін кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабына сәйкес 15 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін.