Ақмолада түнгі уақытта екі мас жігіт дәмхананың есігін сындырды
Ақмолада түнгі уақытта екі мас жігіт дәмхананың есігін сындырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 25 маусымында түнгі сағат шамамен 02:00-де Көкшетау қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 21 жастағы тұрғынынан дәмханаға кіре берісте екі белгісіз адам есікті сындырғаны туралы хабарлама келіп түсті. Зардап шеккендер шығын сомасын 200 мың теңге көлеміне бағалады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Көкшетау қаласының 29 және 32 жастағы екі тұрғыны анықталды. Қаскүнемдер шамамен түнгі сағат бірде мас күйінде жабық тұрған мекемеге кіруге әрекет жасағаны белгілі болды. Сол кезде күдіктілер жақын жерде орналасқан жол белгісін жұлып алып, дәмхананың шыны есігін сындырған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі іс басталды. Күдіктілерге қатысты келу туралы міндеттеме түрінде мәжбүрлеу шарасы таңдалды.