Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмолалық полицейлер көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізушіні анықтады

Ақмолалық полицейлер көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мас күйінде көлік жүргізу, жол қозғалысы ережелерін елеулі бұзу – ауыр салдары бар ЖКО себептерінің бірі. Осы жылдың үш айында облыс аумағында мас жүргізушілердің кінәсінан 10 ЖКО орын алды, онда үш адам қаза тауып, 16 адам түрлі жарақат алды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Ақмола полицейлері қызметінің басым бағыттарының бірі. ЖҚЕ елемейтін және мас күйінде рөлге отыратын жүргізушілерді анықтау Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.

3 сәуірде Полиция басқармасының кезекші бөліміне Застанционный кентінде ЖКО болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Ваз-2112 автокөлігінің жүргізушісі Көкшетау қаласының 44 жастағы тұрғыны ауладан шығып, артқа қарай маневр жасаған кезде Көкшетау қаласының 61 жастағы тұрғынының басқаруымен Ваз-2110 көлігімен соқтығысуға жол бергені анықталды.

Жол апатынан зардап шеккендер жоқ, көліктерге механикалық зақым келген. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, Ваз-2112 көлігінің жүргізушісі «орташа дәрежелі» мас күйінде болған.

Тексеру барысында бұл азаматтың 2020 жылы 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Көлік қазіргі уақытта айыппұл тұрағына қойылды. Жүргізуші Көкшетау қаласы УҰИ-ге қамалды.

Аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Ақмола полицейлері жүргізушілерді жол ережесін сақтауға, мас күйінде көлік жүргізбеуге шақырады.

Осы жылдың басынан бері облыс аумағында 377 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру