Ақмолалық ұры 195 мың теңгені қолды қылған
Ақмолалық полицейлер көкөніс дүкенінен ақша ұрлаған облыс тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
11 ақпанда Көкшетау қаласының Полиция басқармасына облыс орталығының 47 жастағы тұрғынынан бір күн бұрын белгісіз біреудің көкөністер мен жемістер дүкенінен 195 мың теңге сомасындағы ақша ұрлағаны туралы арыз келіп түсті.
Бұл факт бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізу нәтижесінде криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар Ақмола облысының 40 жастағы тұрғынын анықтады.
Мән-жайды анықтау барысында ұрлық жасалған орынның екінші қабатқа апаратын баспалдақтың астында екендігі белгілі болды, ал оның төбесі ашық болған.
Күдікті баспалдақта тұрып, көкөніс сататын жерге тікелей қол жеткізе отырып, таяқтың көмегімен қалтасына ақша қаражаты салынған халатты тартып алған.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.