Ақтауда ер адам 1 млн теңге тұратын кабельді ұрлап кетті
Ақтауда ер адам бір миллион теңге тұратын кабельді ұрлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 25 жастағы ер адамды ұстады.
Бұған дейін, 30 шілдеде сағат 04:45 шамасында Ақтау қаласы 33 шағын ауданда белгісіз адам кәсіпорындардың біріне тиесілі 500 метр кабельді ұрлап кеткен. Шығын сомасы 1 млн. теңгеден асты.
Ұсталған күдікті кінәсін мойындады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу амалдары жалғасуда.
– Жедел мәліметтер көрсететіндей, қазіргі кезде адамдар 1 мың теңгеден бастап қымбат тұратын техникаға, зергерлік бұйымдарға және ақша қаражатының ірі сомасына дейінгі барлық нәрсеге қолсұғушылық жасауы мүмкін. Сіздің қауіпсіздігіңіз – өз қолыңызда. Әрдайым қырағылық танытыңыздар, – деді Маңғыстау облыстық полиция басшысы Жанарбек Бақтыбаев.