Ақтауда полиция қызметкерлері пәтер алаяғын ұстады
Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері пәтер алаяғын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтау қаласының бірнеше тұрғыны Полиция басқармасына алаяқ әйелге қатысты шара қабылдау туралы арызбен жүгінді.
Арызданушылардың айтуынша, 2020 жылғы 4 қазан – 2021 жылғы 10 қаңтар аралығында алаяқ ипотекаға пәтер сатып алуға көмектесуге уәде беріп, олардың әрқайсысынан түрлі сомадағы қаражаттар алған. Алайда уәде етілген пәтерге қолдары жетпеген тұрғындар аляқтың тұзағына түскендерін түсініп, полицияға шағымданған.
Алаяқтың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан аталған тұрғындарға төрт миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері осы қылмысты жасауға күдікті ретінде 34 жастағы азаматшаны анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Алаяқтық фактілері бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.