Ақтауда жоғалған бала қызметтік иттің көмегімен табылды
Ақтауда жоғалған бала қызметтік иттің көмегімен табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімнің әскери қызметшілері Ақтау қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүріп, қызметтік иттің көмегімен жоғалған баланы тауып ата-анасымен қауыштырды.
Бұл оқиға 21 қаңтарда сағат 19.30 шамасында орын алған. Ақтау қаласының тұрғыны үйдің ауласында ойнап жүрген 6 жастағы баласын табалмай қалып, көшеге қарай жүгіріп баласын іздеп шығады. Осы сәтте 9-шағын ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген ұландықтарды көріп, дереу қастарына келіп болған мән-жайды айтып түсіндіреді. Ұландықтар ақпаратты барлық әскери жасақтарға жеткізіп, іздеу жұмысына кіріседі. Іздеу жұмысы барысында бала жоғалған аймақтан оның мойын орағыш орамалы табылып, осы орамал арқылы Марс атты қызметтік итті іздеу жұмысына қолданады.
Кинолог маманы қызметтік итке баланың табылған затын искеуге бұйрық беріп, қызметтік итті іздеуге жібереді. Қызметтік итті қолдану арқылы іздеу жұмысы барысында жоғалған баланы 7-шағын ауданында орналасқан №28 үйдің қасынан тауып, анасына табыстайды.
Айта кету керек, Марс қызметтік іздеу иті Ұлттық ұланда 2018 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол осы уақыт ішінде жоғалған балдарды тауып, әр түрлі қылмыстарды ашуға көмектескен.