Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облыстық ҚАЖД-да ерлі-зайыпты әріптестер қызмет етеді

Тәртіп сақшылары қоғам қауіпсіздігін сақтау үшін күн-түн демей қызмет етіп, аса қауіпті жағдайларда өз өмірлерін қатерге тігеді. Антына дақ келтірмеген, ел тыныштығын адал күзеткен батырларды ел құрметтейді. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Осыған орай аудандық полиция бөліміндегі және Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметіндегі қиын әрі жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген ерлі-зайыпты Бауыржан Елшібеков пен Алтын Аққазиеваның қызметі жайлы Polisia.kz редакциясы ақпарат ұсынады.

Погон таққан ерлі-зайыптыны таныстырған да, табыстырған да осы қызмет.

Отағасы Бауыржан аудандық полиция бөлімінде кезекші бөлімнің бастығы болып жұмыс жасайды. Оның міндеті – құқық бұзушылық болғанда полиция жасағының шақырту орнына дереу жеткенін бақылау, халыққа уақытылы қызмет көрсетуін және тиісті шаралар қабылдауын қадағалау.

– Бір тәулікте күштер мен құралдарды басқару тобында ауысымдық жұмыс негізінде үш адам қызмет етеді: “102” операторы, бейнебақылау инспекторы және басқару тобының аға инспекторы. Заң бұзушылық жайында “102” нөміріне хабарламаны оператор аға инспекторға жеткізеді. Өз кезегінде аға инспектор оны полиция жасағына хабарлайды. Одан кейін арнайы электронды карта арқылы жасақтың нақты қай уақытта қай жерге жеткенін бақылап отырады. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін хаттама толтырып, кезекші бөлімге барлық материалдарды тапсырады. Біз бөлімге күні-түні келіп түскен барлық хабарламалар жайында таңғы уақытта аудандық полиция бөлімінің бастығына есеп береміз және аудан бойынша болған құқық бұзушылық оқиғаларын жинақтап, полиция департаментіне тапсырамыз. Кезекші бөлімде, менің қоластымда жеті адам жұмыс жасайды, – дейді тәртіп сақшысы.

Бауыржан Хромтау қаласының тумасы. Полиция қызметкері болу – оның бала күнгі арманы. Ол мектеп кезінде “Қаһарман” әскери-патриоттық клубына асыға баратын. Әсіресе, оған сабаққа бармастан бұрынғы дайындық – арнайы форманы киген ұнайтын. Өйткені дәл сондай болмаса да, соған ұқсас форма қайсар мінезді, темірдей тәртіпке бой алдырған полиция қызметкерлерінде де болатын.

– Болашақта құқық қорғау саласында жұмыс жасайтынымды мектепте оқып жүрген кезімде, “Қаһарман” клубына қатыса бастағанымда түсіндім. Мектептен кейін әскери оқу орнына түскім келді. Бірақ қабылдаудан өтпей қалдым. Оған құқықтану саласы да жақын болғандықтан, сол мамандық бойынша оқуға колледжге бардым. Колледжден кейін әскерге шақыртылып, Жамбыл облысы, Мерке ауданында Отан алдындағы борышымды өтедім. Әскерден соң Ақтөбе облысы полиция департаментінің бастапқы дайындық мектебіне барып, оқып келіп, 2008 жылы аудандық полиция бөліміне патрульдік қызметке орналастым, – дейді ол.

Полиция қызметкері атанып, мақсатына жеткен Бауыржан қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтармен алты жыл бойы жұмыс жасады. Қызметін атқарып жүріп, 2010 жылы Алматы қаласындағы Қайнар университетінің сырттай бөліміне оқуға түсті. Дипломын алғаннан кейін жоғары білімі бар маман ретінде кәмелет жасқа толмағандардың істері бойынша инспектор қызметіне дейін көтерілді. Араға екі жыл салып, ауданымызда сол кездері жаңадан ашылған жедел басқару орталығына басқару тобының аға инспекторы болып орналасады. Тағы екі жыл өткеннен кейін қазіргі қызметіне келді. Яғни, кезекші бөлімнің бастығы ретінде тағайындалды.

Бауыржанның жұбайы Алтын да тәртіп сақшысы болуды жастайынан мақсат еткен. Әуелден тарих пәніне жақын болып, заңгер мамандығы бойынша білім алуды көздеген. Арманына ұмтылған бойжеткен мектепті аяқтағаннан кейін Қазақ мемлекеттік заң колледжіне оқуға түскен. Бүгінде ол Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық Пробация қызметінің аға инспекторы.

– Кішкентай кезімде теледидардан құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген қыздарды көргенде қызығатынмын. Әкем марқұм да “Менің қызым есейгенде полицияда қызмет етеді” деп жиі айтып отыратын. Бойжеткесін әкем екеуміздің ортақ арманымыз орындалып, заңгер мамандығы бойынша колледжге түстім. Оқуымды аяқтаған соң аудандық қылмыстық-атқару жүйесіне жұмысқа орналастым (қазір ол аудандық пробация қызметі деп аталады). Сол жылы өз мамандығым бойынша Қазақ-орыс халықаралық университетінің сырттай бөліміне құжаттарымды тапсырып, қабылдандым. Бір жылдан кейін аға лейтенант, тағы бес жылдан кейін капитан шенін алдым. Қазіргі таңда аудан бойынша 72 адам пробация қызметінде есепте тұр. Бұл көрсеткіш ай сайын өзгеріп тұрады. Менің міндетім – азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін бірқатар шараларды қабылдап отыру. Яғни, мерзімінен бұрын бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырылған сотталғандарды бақылау, олардың қоғамдық өмірге бейімделуіне көмек беру. Мәселен, егер азамат жұмыссыз немесе оның материалдық жағдайы төмен болса, біз оны жұмыспен қамту орталығына тіркейміз. Сондай-ақ профилактикалық әңгіме жүргіземіз. Кешкі тексеріске азаматтардың үйіне түнгі уақытта бару қажет болғанда Бауыржан екеуміз бірге барамыз. Жолдасым қай кезде де қолдап, көмек беріп жүреді, – дейді ол.

Жолдасы Бауыржан секілді Алтын да Хромтау қаласында туып-өскен, Ақтөбе қаласында заңгер мамандығына оқыған. Алайда қос ғашықтың тағдыры қызмет барысында тоғысқан. Биыл Бауыржан мен Алтынның шаңырақ құрғандарына 10 жыл толады.

– Алтын жұмысқа 2010 жылы орналасты. Ал менің ол кезде жұмыс жасап жүргеніме екі жыл болатын. Екеуміз кешкі патруль кезінде таныстық. Оған да, маған да бір учаскені патрульдеу тапсырылған еді. Жұмыс арасында тірек пунктіне келгенде көрісіп қалып жүрдік. Танысқанымызға үш жыл өткеннен кейін отбасын құрдық. Әріптестеріміз той жайында жаңалықты қуана қабылдады. Олар Алтынды қалжыңдап “аудандық полиция бөлімінің үлкен келіні” деп атайды. Өйткені бізден кейін аудандық полиция бөліміндегі тағы да үш жұп шаңырақ көтерді. Қазір екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Үлкені жеті -7 жаста, кішісі 4 жаста. Жұмыс күндері таңертең Алтын екеуміз балаларды мектепке, балабақшаға алып барып, одан соң жұмысқа келеміз. Жұмыс уақытында бір-бірімізді көрмейміз. Тек түскі ас кезінде қайта қауышып, бірге үйге барамыз. Кешкі уақытта жұмыстан кейін де бірге қайтамыз. Үйде жұмыс жайын талқыламаймыз. Бар назарымызды, уақытымызды балаларымызға арнағымыз келеді. Қыркүйек айында Алтын екеуміздің үйленгенімізге он жыл толады, – дейді Бауыржан Елшібеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру