Ақтөбе облысында алаяқ бірден екі тұрғынды алдап соққан
Ақтөбе облысында алаяқ бірден екі тұрғынды алдап соққан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі таңда танымал сауда платформалары арқылы жасалған алаяқтықтар саны азаймай отыр. Қаскүнемдер онлайн сауда алаңдарында қызықтырарлық ұсыныстармен сатып алушыларды да, сатушыларды да қапы қалдырып жатыр.
Шілде айында Ақтөбе қаласының тұрғыны OLX сайты арқылы Apple iPhone 15 Pro телефонын сатуға шығарған. Оған белгісіз адам хабарласып, келісілген сомаға тауарды сатып алатынын айтып сендірген және хабарламаны алып тастауды сұраған. Әрі қарай алаяқ дәл осы хабарламаны өзінің байланыс телефонын көрсете отырып қайта орналастырған және онда нарықтан әлдеқайда арзанырақ бағаны көрсеткен.
Бұл хабарлама бойынша оған ақтөбелік әйел хабарласып, телефонды сатып алмақ болған. Алаяқ дереу телефон иесіне хабарласып, қазір телефонды сатып алуға қарындасын жіберетінін жеткізіп, сатып алушы әйелді сонда жолдаған. Осылайша, қаскүнем шынайы сатушы мен сатып алушыны кездестірген, алайда олардың екеуі де алаяққа алданып отырғанын сезбеген. Сатып алушы тауарды көргеннен кейін 320 мың теңге көлеміндегі ақшаны алаяқ көрсеткен шотқа аударған. Сатушы моральдық, сатып алушы материалдық зардап шекті.
Ақтөбе облысының полиция департаменті онлайн сауда платформаларында мұқият және қырағы болуға, алаяқтықтың осындай түрлерінен сақ болуға, тауарға алдын ала төлем жасамауға шақырады.