Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды

Ақтөбе облысында пробациялық бақылауға бағынбаған есептегі сотталған бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаза өтеу тәртібі мен сот міндеттеген талаптарды бұзып, пробациялық бақылауға бағынбаған есепте тұрған сотталған бас бостандығынан айырылып, екінші қайтара түзеу мекемесіне жіберілді.

Мұғалжар ауданының тұрғыны бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сот үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын түзеу мекемесінде өтеген. 2022 жылғы соттың қаулысымен сотталғанның тәртібінің жақсы болуына байланысты жазасы жеңілдетіліп, бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген 1 жыл 9 ай 29 күн мерзімі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылып, өткен жылдың қазан айында Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық- атқару жүйесі департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметіне есепке алынған болатын.

Есепке қою кезінде Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметкерлері А. есімді сотталғанға сот жүктеген міндеттерді орындау, жаза өтеу тәртіптерін бұзбау және қайта қылмысқа жол бермеу, пробациялық бақылаудан жасырынбау, ойын-сауық орындарына бармау, мекенжайды рұқсатсыз тастап кетпеу секілді міндеттерін түсіндіріп, жаза өтеу тәртібін бұзған жағдайда жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылатындығы жөнінде ескертіп, толық ақпараттандырады.

Алайда пробация қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспаған сотталған А. сотпен жүктелген міндеттерді орындамай, яғни пробация қызметіне тіркелуге уақытылы келмей, мекенжайын рұқсатсыз тастап, қайталап қылмыс жасап, ойын-сауық орындарына барып отырған.

Пробациялық бақылауда тұрғанына қарамастан, бірнеше рет сот жүктеген міндеттерді бұзған сотталған А-ға қатысты Мұғалжар ауданында ашық сот отырысы өтіп, оған қайта қылмыс жасауға бейім пробация қызметінің есебінде тұрған басқа да сотталғандар сабақ алу мақсатында қатыстырылды.

– Ашық сот отырысында сотталған А-ның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген қалған бөлігі, яғни 11 ай 14 күні бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Енді ол жазасын қайтадан темір тордың ар жағында өтейтін болады, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру