Ақтөбе облысында есептегі сотталғандар спорттық жарыста жүлделі орындар алды
Ақтөбе облысында пробация есебіндегі сотталғандар спорттық ойындар спартакиадасынан жүлделі орындар алды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебінде тұрған жастар аудан жастарымен бірге аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен VII Халық ойындары спартакиадасына қатысты.
Қалалық және ауылдық округтерден 15 команда қатысқан спартакиадаға қатысушы командалар спорттың сегіз түрінен, яғни қазақ күресі, футбол, волейбол, үстел теннисі, қол күрес, гір тасын көтеру, шахмат, тоғызқұмалақ секілді спорттық ойындар мен ұлттық ойындармен бақ сынасты.
Спартакиада нәтижесімен, Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің есебінде тұрған Д. қол күрестен 100 келі салмақ дәрежесінде II орынды жеңіп алса, III орынға гір көтеруден 95 келі салмақ дәрежесінде А. есімді есепте тұрған азамат ие болды.
– Есепте тұрған сотталғандарды аудандық спорттық іс-шараларға қатыстырудағы мақсатымыз – олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға, салауатты өмір салтын ұстануға жұмсай отырып, қоғамнан оқшауламай қоғамға бейімдеу, – дейді Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметі бөлімінің бастығы Гүлсезім Ешмагамбетова.