Ақтөбе облысында көпбалалы полицей күміс алқа иегері атанды
Мемлекет басшысының Жарлығымен қаңтар айында Ақтөбе облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының аға инспекторы Гүлмира Бурина күміс алқа иегері атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қатарында 10 жылдан астам қызмет ететін Гүлмира – жауапты маман, отбасында алты баланың қамқор анасы. Жолдасымен 17 жыл бұрын шаңырақ көтерген кезде олар сәбидің шат күлкісіне толы көпбалалы отбасы болуды армандаған. Ата-енесінің үнемі қолдауы мен түсіністігі, жас келінге берген тағылымды тәлім-тәрбиесі жас отбасының іргесі берік, керегесі кең болуына үлкен ықпал еткен. Бүгінде ана-анамен қатар, ата-әженің күнделікті тәрбиесін көріп өскен олардың балаларының үлкені 10-сыныпта оқыса, кішкентайы – 1 жаста.
Балаларының саналы, әрі салиқалы ұрпақ болып қалыптасуы – полицей ананың басты арманы. Ол өзінің қызметте алаңсыз болуына барлық жағдайды жасап, балаларын жылатпай өсірген ата-енесінің де еңбегінің алдында бас иеді. Үйге келгенде мансапты мүлде ұмытып, ата-енесіне қызмет қылып, отағасы мен балаларының жағдайын барынша жасауға ұмтылады.
– Күміс алқаның маңызы мен үшін өте зор. Себебі бұл алқаның артында алты баланы өсіріп-бағып, білім беріп, саналы және салиқалы ұрпақ тәрбиелеу жатыр. Полициядағы қызметті қатар алып жүріп, көпбалалы ана болу – өзімнің күш-жігерімнің арқасында ғана емес: отбасымның, жолдасымның, ата-енемнің арқасында. Бұл кісілер алаңсыз, әрі абыройлы қызмет етуіме үлкен үлес қосты, – дейді күміс алқа иегері Гүлмира Бурина.