Ақтөбе облысында көші-қон полицейлері биыл 168 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті
Ақтөбе облысы ПД көші-қон қызметкерлері жыл басынан бері 168 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбелік полицейлер осы жылдың 9 айында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 1514 адамды, оның ішінде 1071 шетелдік және 443 қазақстандық азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл ретте, ел азаматтары шетелдіктерді қабылдаушы тұлғалар мен жұмыс берушілер үшін белгіленген заңнаманы бұзушылықтарға жол берсе, шетелдіктер ел аумағында болу тәртібін бұзған және заңсыз жұмыс жасаған. Осыған байланысты сот органдарының шешімдерімен 360 шетел азаматы әкімшілік жолмен ел аумағынан шығарылды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өтудің 5 фактісі және ел аумағында транзитпен заңсыз жүрген 12 шетелдік анықталды. Бұдан басқа, көші-қон қызметінің қызметкерлері іздеуде жүрген 177 борышкер мен алимент төлемеушілердің жүрген жерін анықтады.
– Халыққа мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы көрсету – көші-қон қызметінің басым бағыттарының бірі. Жыл басынан бері көші-қон қызметкерлерімен 10 қызмет түрі бойынша 168 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Тұрақты негізде мүмкіндігі шектеулі жандарға, оның ішінде оларға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізіледі, мұндай санаттағы азаматтарға мемлекеттік қызметтерді үйіне бара отырып көрсету мүмкіндігі де қарастырылған, – деді Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметтер сапалы және уақытылы көрсеткені, кәсібилігі үшін жыл басынан бері ақтөбелік полицейлерге шетел азаматтары тарапынан бірнеше рет алғыстар да түскен.