Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Рудныйда полицейлер кәмелетке толмаған дропперді ұстады

Рудныйда полицейлер кәмелетке толмаған дропперді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

17 жастағы жігітті полицейлер алданған зейнеткерге барған кезінде ұстады. Қарт әйел мен көршілердің қырағылығы 84 жастағы әйелдің жеке қаражатын алаяқтан сақтап қалуға көмектесті.

Алаяқтардан қоңырау кешке келіп түсті. Ер адам өзін полиция майоры ретінде таныстырды және оның немересі адамды көлікпен қағып кеткенін хабарлады. Сот алдында жауап бермеу үшін белгілі бір ақша төлеу қажет. Егде жастағы әйел алдымен абдырап қалды, алайда әңгімені үзбестен кеңес алу үшін көршісіне жүгінді. Көршісі полицияны шақырған. Осы уақытта тұрғын алаяқтармен 1 млн теңгеден астам көлемінде ақша беру туралы келісіп қойған.

– Мекенжайға дереу полицейлер келді. Олар үйге жақындаған сәтте күдікті жас жігітті байқады. Кейінірек белгілі болғандай, бұл ақшаға келген дроппер екені анықталды, – дейді мүліктік қылмыстар бөлімшесінің бастығы Мадьяр Тажин.

Егде жастағы әйелдің қырағылығы қылмыскерді ұстауға көмектесті. Оның айтуынша, бір күн бұрын учаскелік полиция инспекторлары келіп,  алаяқтар қандай схемаларды қолданатынын айтқан.

– Бұл жұмысты тәртіп сақшылары “Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде жүргізеді. Учаскелік полиция инспекторлары халықтың тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізіп қана қоймай, алаяқтық тәсілдері туралы да айтады, – деп атап өтті Мадьяр Тажин.

Жас жігіт колледж студенті. Ол қосымша ақша тапқысы келген. Жұмыс туралы ұсынысты Instagram арқылы келген. Кейінірек жұмыс беруші онымен  Telegram арқылы хабар алмасқан.

– Мен бұл ісімнің қылмыс екенін білмедім. Маған “Сіз мекенжайларға барып, ақша алып, оларды қайта есептеп, банк деректемелеріне жібересіз” деп айтты. Болжам бойынша, бұл адамдар өздері жасай алмайды, мен оларға осылай көмектесемін. Соманың 3 пайызын өзіме алдым. Осылайша, бір апта ішінде мен 300 мың теңгеден астам табыс таптым. Мен не істеп жатқанымды білсем, ешқашан осындайға  бармас едім, – дейді студент.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Қостанай облысының ПД азаматтарды қырағы болуға және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру