Ақтөбе облысында көші-қон заңнамасын бұзған 21 шетелдік жауапқа тартылды
Ақтөбе облысында көші-қон заңнамасын бұзған 21 шетелдік жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 1-14 қазан аралығында ҚР аумағына түрлі себептер бойынша келетін шетелдік азаматтарға қатысты жедел-профилактикалық іс-шаралар мен бақылау күшейтілді.
Полиция бөліміне төрт күн ішінде Өзбекстан Республикасының 25 азаматы және Ресей Федерациясының екі азаматы жеткізілді. Олардың 21-і көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының екі азаматын ұстады.
Мысалы, Ақтөбе қаласында тұратын Ресей Федерациясының 29 жастағы азаматы Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 158-бабының 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша қылмыс жасағаны үшін іздеуде болған.
Сондай-ақ, Дағыстан Республикасының Махачкала қаласы бойынша РФ ІІБ іздестіруінде болған Ақтөбе қаласында тұратын 35 жастағы ҚР азаматы анықталды.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлері «Instagram» мен «Вконтакте» мессенджерлерінде тыйым салынған діни материалдардың сақталуының үш фактісін анықтады.
Мысалы, Ақтөбе қаласының 35 жастағы тұрғыны өзінің «Instagram»-дағы жеке парақшасында деструктивті бағыттағы діни сипаттағы аудио және бейне материалдарды жариялады. Ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 453-бабы 1-бөлігі (Бұқаралық ақпарат құралдарының өнімін, сол сияқты өзге де өнімді Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.