Ақтөбе облысында мұнай компаниясының қызметкерлері ұңғымадан кабель ұрлады
Ақтөбе облысында мұнай компаниясының қызметкерлері ұңғымадан кабель ұрлады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 шілдеде Ембі аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне түнгі уақытта белгісіз адамдар терезе арқылы Мұғалжар ауданының «Жаңажол» кен орнындағы ұңғымадағы кешенді-тарату құрылғысындағы мұнай компаниясына тиесілі ұзындығы 126 метр мыс кабельді ұрлап кеткені туралы хабарлама келіп түсті.
Ембі полиция бөлімінің қызметкерлері іс-шаралар кешенін жүргізу барысында мұнай компаниясының екі қызметкерін және бір жергілікті тұрғынды ұстады.
Күдіктілерден ұрланған кабель тәркіленді. Ұрлық фактісі негізінде ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы бойынша мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.