Ақтөбе облысында өткен жылы 3 мыңға жуық мас жүргізуші анықталды
Ақтөбе облысында өткен жылы 3 мыңға жуық мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылы Ақтөбе облысы ПД қызметкерлері 94 659 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
ЖКО жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында полиция қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізді, оның барысында алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде көлік құралын басқарған 2964 жүргізуші анықталды.
Жол жүру ережелерінде қарастырылған жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану талаптарын сақтамаудың 7200-ден астам дерегі анықталды.
Бұдан басқа, көлік құралын басқару кезінде жүргізушінің телефонды пайдалануының 2316, бағдаршамның тыйым салатын сигналын немесе реттеушінің тыйым салатын қимылын елемеудің 3584 дерегі анықталды.
Жылдамдықты арттыру – апаттың ең көп таралған себебі. Белгіленген қозғалыс жылдамдығын арттырғаны үшін 78 500-ден астам жүргізуші анықталды.