Ақтөбе облысында соңғы жарты жылда 237 ЖКО тіркелді
Ақтөбе облысында соңғы жарты жылда 237 ЖКО тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жүргізушілер арасында көлік тәртібін дұрыстау, авариялық жағдайларды азайту, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың алдын алу – полиция қызметкерлері жүргізетін жедел-профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты.
Осы жылдың алты айында маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 20-дан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 9 жүргізуші, жылдамдық режимін бұзғаны үшін 135 жүргізуші, сондай-ақ көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жеті жүргізуші ұсталды.
Өңірдің автожолдарында алты айда 237 ЖКО орын алды, онда 30-дан астам адам қаза тауып, 332 азамат жарақат алды. Негізінен жол апаттарының себептері: жылдамдық режимін сақтамау, қарсы жолаққа шығу, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жолдан өту ережелерін бұзуы. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің қатысуымен 70 ЖКО тіркелді. ЖКО салдарынан бес адам қаза тапты. 70 адам түрлі жарақат алды.