Ақтөбе облысының полицейлері жолда қалып қойған шетелдікке көмектесті
Қарғалы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері ауа райының қолайсыздығынан жолда қалып қойған Әзірбайжан Республикасының азаматына көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл оқиға Рождество-Дон автожолының 2-шақырымында болған. Қарғалы ауданының аумағында кезекті патрульдеу жүргізу кезінде полиция қызметкерлері Р.Оруджов пен Г.Бактыгреев Рождество-Дон автожолында жол жиегінде тұрған Nissan көлігін байқаған.
Автокөлікте Әзірбайжан азаматы болған. Ол Ресей Федерациясына бара жатқан кезде көліктің техникалық ақауларына байланысты жолда тоқтағанын айтты. Полиция қызметкерлері оны қызметтік көлікке отырғызып, жылытып, темір тұлпарын жөндеуге көмектескен.
Әзірбайжан Республикасының азаматы полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.