Ақтөбе полицейлері балаларды терезеден құлау жағдайынан қалай сақтау керектігін айтты
Ақтөбе полицейлері балаларды терезеден құлау жағдайынан қалай сақтау керектігін айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбеде жыл басынан бері 3 бала абайсызда терезеден құлап кеткен. 18 сәуірде Абай даңғылындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатының терезесінен 2 жасар қыз құлап кетті. Бұл кезде ата-анасы жұмыста болған, ал бала бес жасар әпкесінің қасында қалған.
Қазіргі таңда жарақаттанған бала ауруханада жатыр.
24 сәуірде куәгерлер 6 жасар баланың үшінші қабаттағы балконның терезесінде отырғанын көріп, полицияға қоңырау шалды. Бұл жерге ювеналдық полиция қызметкерлері барып, ата-анасымен профилактикалық әңгіме өткізді.
– Құрметті ата-аналар, мұқият болыңыздар! Сіздің балаға мұқият қарауыңыз және келесі ережелерді сақтауыңыз қиын жағдайлардың алдын алуға көмектеседі: баланы бір минутқа да терезесі ашық бөлмеде жалғыз қалдырмаңыз; балаларға терезеде ойнауға рұқсат бермеңіз. Балалардың ашық терезелерге жақындамауын қадағалаңыз, балаларды терезенің алдына отырғызбаңыз, терезенің алдында ойнамау керектігін қатаң ескертіңіз; терезеге жақын жерден жиһазды, соның ішінде кереуеттерді алып тастаңыз. Бұл нәрестенің терезеге шығуына жол бермейді; балаға терезені бірнеше сантиметрге ғана ашуға мүмкіндік беретін терезелерге арнайы бекіткіштерді орнатыңыз; терезені желдету режимінде бекітуге болатын кілті бар тұтқаны орнатыңыз. Есіңізде болсын: шыбын-шіркейлерден қорғайтын терезе торы баланы ешқашан терезеден құлап кетуден қорғамайды. Бала мұны білмейді және оған сүйенемін деп терезеден құлап кетуі әбден мүмкін. Абай болыңыздар, – дейді Ақтөбе облыстық ПД.