Ақтөбе тұрғыны телефонды іш киіміне жасырып, қамаудағы ұлына жеткізбек болды
Ақтөбе тұрғыны телефонды іш киіміне жасырып, қамауда отырған ұлына жеткізбек болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның сәлемдемесі аса көп мөлшерде есірткі қолданғаны үшін ұсталған айыпталушы 32 жастағы ұлына арналған. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің тергеу изоляторының қызметкерлері азаматшаның құқық бұзушылығын дер кезінде байқап, тексеру кезінде металл іздегіш арқылы ұялы телефон, зарядтау құрылғысы мен сим-картаны тіркеді.
– Мекеме әкімшілігі мекемеге келушілерге тыйым салынған заттарды алып кіргені үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертуде. Бірақ, осыған қарамастан, сотталғандар мен тергеу-қамауға алынған азаматтардың туыстары пенитенциарлық мекеменің заңды талаптарын бұзуды жалғастыруда, – деп атап өтті КА-168/1 мекемесі бастығының міндетін атқарушы Аршат Бурабаев.
Жазбаша түсініктемесінде азамат өзінің кінәсін толық мойындады. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, материалдар қаланың мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Сондай-ақ, әйел бір жыл бойы ұлына барып, кездесу мүмкіндігінен айырылады.